Басқа жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА РЕКОРД
БАҚ ЖӘНЕ МЕДИА ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН РЕСМИ ХАБАРЛАНДЫРУ
ҚР АВТОӨНЕРКӘСІБІ: ҚАРАШАДА 22 580 БІРЛ. ТЕХНИКА ШЫҚТЫ

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2025 жылдың қарашасында Қазақстандағы зауыттар жалпы құны 311,1 млрд теңге болатын 22 580 бірл. техника өндірген, бұл – биылғы ең жақсы нәтиже. Өткен қарашамен салыстырғанда өндіріс көлемі 25,5% өсті. Дәл осы айда рекордтық 20 730 бірл. жеңіл автомобиль, 807 жүк көлігі, 646 автобус, 310 жартылай тіркеме мен тіркеме, 87 бірл. басқа арнайы техника жасалды.
Жалпы он бір айда елдегі зауыттар бағасы 2,03 трлн теңгені құрайтын 146 163 бірл. техника құрастырды, бұл былтырғы ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен 15,7% жоғары. Республика бойынша машинажасау саласындағы автомобиль өндірісінің үлесі – 41,7%.
Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті: «Қазақстанның автоөнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп, технологиялық үдерістерді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Кадр даярлау мәселесіне ерекше мән берілуде: сала жоғары оқу орындарымен, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, мамандарды даярлау және оларды жұмыспен қамту ісін жүзеге асырып отыр.
Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған 2025 жылы автоөнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар саны айтарлықтай артты. Өндірушілердің деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтар мен 1 желтоқсан аралығында бұл салада 4 200-ден астам адам еңбек жолын бастаған. Бүгінде автоөнеркәсіп 11 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жаңа жыл қарсаңында барша қазақстандықтарға 2026 жыл табыс пен береке, жаңа мүмкіндіктер әкелсін деп тілейміз».
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәліметке сүйенсек, 11 айда Қостанайдағы Allur 79 227 бірл. техника құрастырды (+2,3%). Алматыдағы зауыттар (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) 48 543 бірл. жеңіл және коммерциялық көлік өндірді. Семейдегі кәсіпорындар (СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan) 3 735 бірл. коммерциялық техника шығарса, Қарағанды облысы (QazTehna) клиенттеріне 2 080 бірл. техника жөнелтті (+53,4%).Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг конвейерінен 1 122 бірл. коммерциялық техника түсті (+3,5%).
Биыл қаңтар мен қараша аралығында аса танымал болған брендтер: Hyundai (47 740 бірл.), Chevrolet (28 152 бірл.), Kia (24 903 бірл.), Jetour (12 936 бірл.) және Jac (11 712 бірл.). Модельдер қатарында Chevrolet Cobalt (23 335 бірл.), Hyundai Tucson (20 912 бірл.), Kia Sportage (11 202 бірл.), Hyundai Mufasa (7 950 бірл.) және Hyundai Elantra (6 261 бірл.) басым.