Басқа жаңалықтар
ҚР АВТОӨНЕРКӘСІБІ: МАМЫРДА ӨНДІРІС 41,7% ӨСТІ

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2026 жылғы қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанда 78 580 бірлік техника, соның ішінде жеңіл және жүк автокөліктерді, автобустар, арнайы техника, тіркемелер және жартылай тіркемелер шыққан. Бұл өткен жылғы осыған ұқсас кезңдегіден 36,1% көп.
2026 жылғы мамырда елдегі кәсіпорындар 15 178 бірлік техника шығарды, бұл былтырғы мамырдағыдан 41,7% жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар биылғы сәуірмен салыстырғанда өндіріс көлемі 16,3%-ға қысқарды.
«Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2023 жылы қыркүйектегі “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты” Қазақстан халқына жолдауында автокөлік кәсіпорындарының айналасына автокомпонент кластерін салуды тапсырды. Қазір Алматы мен Қостанайда маңында заманауи компоненттер базасы бар автоөндіріс алаңдары табысты жұмыс істеп жатыр. Автокомпонент өндірісінің дамуы – локализация мен автокөлік өнеркәсібінің дамуына қосылған үлес қана емес, шағын және орта бизнестің тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға және технологиялық әлеуетті дамытуға ынта. Майда торапты өндіріс көлемін арттыру салаға инвестиция тартуға ықпал етеді», – деп атап өтті ҚАО президенті Анар МАҚАШЕВА.
2026 жылғы қаңтар-мамыр қорытындысы бойынша автокөлік, тіркеме және жартылай тіркеме өндірісінің көлемі ақшалай мәнде 932,9 млрд теңгеге жеткен, бұл былтырғы осыған ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен 15,5% жоғары. Машинажасау құрылымындағы автокөлікжасаудың үлесі 41,6%-ды құрады.
Биылғы бес айда Қазақстандағы кәсіпорындар 73 122 жеңіл автокөлік (+39,7%); 1 281 автобус (+35,3%); 2 396 жүк автокөлігі (-13,1%); 297 бірлік арнайы техника (-3,9%); 1 484 тіркеме және жартылай тіркеме (+4,7%) шығарған.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше Қостанайдағы Allur («СарыарқаАвтоПром») 27 911 бірлік техника жасады (-8,6%). Екінші орынға 21 478 автокөлік өндірген жаңа Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) зауыты жайғасты. Hyundai Trans Kazakhstan 16 161 автокөлік шығарды (-28,8%). Kia Qazaqstan кәсіпорны қаңтар-май нәтижесі бойынша 8 059 автокөлік құрастырды.
Коммерциялық техника өндірушілер арасында QazTehna оң динамика көрсетіп, 1 311 бірлік техника шығарды (+82,3%). СемАЗ – 1 062 бірлік (-24,6%), Hyundai Trans Almaty – 503 бірлік (+185,8%), «КАМАЗ-Инжиниринг» – 279 бірлік техника (-49,2%), Daewoo Bus Kazakhstan 264 автобус (+230%) өндірді. Оралдағы «Уральскагрореммаш» 106 бірлік арнайы техника жасады. Orbis Machinery өндірістік алаңы 97 бірлік техника шығарды. Басқа өндірушілердің үлесінде 1 349 бірлік техника.
Бес ай қорытындысы бойынша өнімін Қазақстанда өндіретін брендтер арасында Hyundai (16 131 бірл.) көш басында келеді, одан кейін Chevrolet (14 996 бірл.) мен Kia (9 209 бірл.) тұр. Changan автокөліктерінің өндірісі 8 112 бірлікке дейін өсті. Әрі қарай тізімде Chery (6 290 бірл.), Haval (6 154 бірл.), Jetour (3 821 бірл.), JAC (3 093 бірл.) орналасса, ондықты Geely Galaxy (2 678 бірл.) мен Tank (922 бірл.) түйіндеді.