Другие новости
Премьер-министр VI Халықаралық машина жасау және металл өңдеу арнайы көрмесі Kazakhstan Machinery Fair экспозицияларын тамашалады

EXPO халықаралық көрме орталығында Премьер-министр VI Халықаралық машина жасау және металл өңдеу арнайы көрмесі Kazakhstan Machinery Fair экспозицияларын тамашалады. Қазақстандық және шетелдік 20-дан астам елдің компаниялары өз әзірлемелерін ұсынды. Халықаралық қатысушылардың қатарында Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, Швейцария, Ресей, Италия, Чехия және басқа да елдердің ірі кәсіпорындары бар.
Karlskrona LC AB кәсіпорны мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, су және атом энергетикасы салаларында кешенді техникалық шешімдер әзірлеуге маманданған. Компания жылына 5 мың тоннаға дейін құйма өнімдерін шығарады.
Саран қаласындағы QazTehna зауыты Yutong, Sinotruk және Scania маркалы автобус және коммерциялық көліктер желісін таныстырды. 2024 жылы кәсіпорын 1560 техника шығарды, локализациялау деңгейі 36%-дан асты. Жоспарда өндіріс көлемін әрі қарай кеңейту және қазақстандық қамтуды 50%-ға дейін арттыру қарастырылған.
«Қазақстан инжиниринг» компаниясы қорғаныс, көлік, энергетика және мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы заманауи әзірлемелерін ұсынды.
Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді таныстырды. Толық циклді өндіріс Алматы қаласында орналасқан және жылына 50 мың бірлікке дейін өнім шығаруды қамтамасыз етеді.
«Қазэксимекс» ЖШС компаниясы металл өңдеу өнімдерін ұсынды. Кәсіпорын өнеркәсіптің негізгі салаларында, атап айтқанда, авиация, автомобиль, кеме жасау, энергетика және медицина өнеркәсібінде жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асырады. Сондай-ақ қатысушылар бірқатар компания павильондарын аралады.