Басқа жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АВТОКӨЛІК БАҒАСЫНЫҢ ӨЗГЕРУ ДИНАМИКАСЫ

«Қазақстанның Автокөлік Одағының» деректеріне сәйкес, пандемиядан кейінгі соңғы төрт жыл ішінде Қазақстандағы ресми дилерлерден сатылатын жаңа жеңіл автокөліктердің бағасы жалпы тұрақты болып қалды. Бағалардағы өзгерістер тек жекелеген жағдайларда — логистикалық шығындардың өсуіне, валюта бағамының ауытқуына және көліктердің жаңартылған жабдықталымымен немесе жаңа модификацияларымен байланысты орын алды.
Төменде Қазақстан нарығындағы ресми дилерлер (отандық және импорттық) ұсынған жаңа жеңіл автокөліктер бағасының өзгерісі бойынша статистика келтірілген:
- 2025 жылғы қаңтарда 2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда өсім небәрі 1,3%-ды құрады.
 - 2025 жылғы маусымда 2024 жылғы маусыммен салыстырғанда өсім 9,6%-ды құрады.
 - 2025 жылғы шілдеде 2024 жылғы шілдемен салыстырғанда өсім 9,5%-ды құрады.
 - 2025 жылғы шілде мен маусым айларының аралығында бағалар өзгерген жоқ.
 
Басқаша айтқанда, ресми нарық дилерлердегі жаңа автокөліктер бағасы күрт өсімсіз, бірқалыпты сақталып келеді. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында жаңа жеңіл автокөліктердің орташа чек 16 миллион теңгені құраған. Ал биылғы жылдың осы кезеңіндегі орташа чек небәрі 0,2%-ға өсіп, 16,1 миллион теңгені құрады.
Жаңа автокөліктер нарығындағы сату көлемі қатарынан үшінші жыл тарихи рекордтарды жаңартып келеді. Бұл бірнеше объективті себептерге байланысты: Біріншіден – ресми нарық дилерлер тарапынан ұсынылатын түрлі жеңілдетілген бағдарламалар мен қаржыландыру тәсілдері тұтынушыларды тартады. Екіншіден – ұсыныстың артуы байқалады: отандық және шетелдік көліктердің модельдік қатары артты. Үшіншіден – бағаның күрт өсуіне жол бермеу әрекеті. Себебі нарықтың барлық қатысушылары түсінеді: қолжетімділік – жаңа автокөлік сатып алуға ниетті он мыңдаған қазақстандықты ынталандыратын негізгі фактор.
Қазір нарықта ең қолжетімді көліктерден бастап премиум сегментке дейінгі түрлі модельдер бар. Сондықтан статистикаға әртүрлі баға деңгейіндегі және әртүрлі жинақтағы көліктер еніп кетуі мүмкін. Көліктердің атауы бірдей болғандықтан, бір модельдің ескі және жаңа нұсқалары да бір дерекке қосылып кетуі мүмкін.
Сонымен қатар, Қазақстандағы жүрілген көлік нарығындағы баға қалыптастыру үдерісіне мемлекеттік органдар да, автоөндіріс саласының басқа өкілдері де ықпал ете алмайды. Өйткені елімізде қайталама нарық жақсы дамыған, ал ол нарықтағы бағаларды тікелей қазақстандықтардың өздері анықтайды. Бұл меншік иелерінің заңды құқығы, оны ешкім шектей алмайды.
Қазақстандағы автокөлік бағасы 11,6%-ға, ал жаңа жеңіл көліктердің бағасы 21,3%-ға өсті деген мәліметтер кездейсоқ статистикалық таңдауға негізделген және жеңіл көлік нарығындағы нақты жағдайды көрсетпейді, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейді.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» ресми деректерге сүйену қажет деп есептейді. Осылайша жұртшылықты шатастырудың алдын алуға болады. Барлық отандық өндірушілер мен ресми импорттаушылар қазақстандықтар жаңа, қауіпсіз көліктерді оңай сатып алуы үшін бағаны төмендетуге күш салып, бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра береді.