Басқа жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАНДА ЭЛЕКТРОКӨЛІКТЕР МЕН ГИБРИДТЕР САТЫЛЫМЫ ТӨРТ ЕСЕДЕН АСТАМ ӨСТІ

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше биыл қаңтар мен ақпанда ресми дилерлер жаңа энергия көздерін пайдаланатын (NEV) 708 жеңіл автокөлік сатты, оның ішінде 438-і - қуатталатын гибридтер, 270-і - толық электрлі көліктер. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 есе жоғары. Екі ай қорытындысы бойынша NEV автокөліктерінің жаңа автомобильдер нарығындағы үлесі 2,6%-ға жетті.
Сонымен қатар, 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында ресми дилерлер дәстүрлі гибридті (HEV) 107 автокөлік сатты. Олардың басым бөлігі Toyota маркасына тиесілі. NEV автокөліктерінен айырмашылығы, мұндай гибридтер сыртқы қуаттауды қажет етпейді және іштен жану қозғалтқышы мен электрқозғалтқышты қатар пайдаланып, қозғалыс жағдайына байланысты автоматты түрде ауысып отырады.
Қазақстандағы жаңа энергия көздеріндегі автокөліктер нарығы қарқынды дамуын жалғастыруда. Егер 2024 жылы елде 1 083 электромобиль сатылса, 2025 жылы дилерлер NEV сегментіндегі 4 242 автокөлікті өткізген. Ағымдағы жылы тұтынушылық сұраныста өзгерістер байқалады: жаңа брендтердің пайда болуымен қазақстандықтар электр көлігінің артықшылықтары мен дәстүрлі қозғалтқыштың ыңғайлылығын үйлестіретін қуатталатын гибридтерді жиі таңдай бастады.
Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті: «Жаңа энергия көздеріндегі автокөліктер әлемдік нарықта өз позициясын біртіндеп нығайтып келеді. Қазақстанда да электромобильдер сатып алушылар үшін тартымды әрі практикалық таңдау болуда. NEV үлесі алдағы уақытта өсе береді, алайда жақын жылдары толық электрлі көліктер нарықтың едәуір бөлігін әмбебап гибридтерге беруі мүмкін».
Екі ай қорытындысы бойынша ең жоғары сұранысқа ие болған - BYD электрокөліктері мен гибридтері. Дилерлер 428 автокөлік сатты. Екінші орынға Қазақстан нарығына жуырда ғана ресми түрде кірген қытайлық Li Auto бренді шықты - 164 бірл. Үшінші орында - Zeekr (42 автокөлік). Ал алғашқы бестікті Geely Galaxy (28 бірл.) және ROX (20 гибридті кроссовер) қорытындылайды.
Жыл басында аса танымал болған 10 NEV модель қатарында BYD Song Plus DM-I (127 бірл.) гибриді жеңімпаз атанды. Екінші сатыға BYD Yuan Up электрлі кроссовері (121 бірл.) орналасты. Үшінші орынды Li L6-ға (102 бірл.), төртіншісін BYD Chazor гибирді (87 бірл.) алса, бестікті BYD Song Plus EV (63 бірл.) түйіндеді. Тізімге тағы Li L7 (41 бірл.), BYD Sealion 7 (27 бірл.), Geely Galaxy EX5 EM-I (25 бірл.), ROX 01 (20 бірл.) және Zeekr X (20 бірл.) кірді.
NEV (New Energy Vehicles) - дәстүрлі бензин немесе дизельдің орнына баламалы энергия көздерін пайдаланатын автокөліктер. Оларға электрлокөліктер, розеткадан қуатталатын гибридтер, сондай-ақ тек аккумуляторды зарядтауға арналған генератор ретінде жұмыс істейтін іштен жану қозғалтқышы бар ұзартылған жүріс қоры бар электр көліктері жатады.