Другие новости
ҚР АВТОНАРЫҒЫ: 2024 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
ҚР АВТОӨНЕРКӘСІБІ: 2024 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
- 2024 жылы Қазақстандағы зауыттар 147 431 бірл. көлік құралын өндірді
- Былтыр бұл салаға 189,8 млрд теңге инвестиция салынды
Ұлттық статистика бюросының берген мәліметі бойынша 2024 жылы Қазақстанда жалпы құны 1,9 трлн теңге құрайтын барлық типтегі 147 431 бірл. көлік құралы шығарылды. Ал 2023 жылы 1,83 трлн теңгеге 149 753 бірл. техника жасалған (-1,6%). Өндіріс көлемінің төмендеуіне қарамастан, автоөнеркәсіп әлі де елдегі машинажасау саласының драйвері болып келеді. Автокөлік құралдары өндірісінің үлесі 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда машина жасау саласының 41% құрады.
Автомобиль өндірісіне былтыр салынған инвестиция көлемі 189,8 млрд теңгені құрады, бұл бес жыл бұрынғыдан 20 есе және 2023 жылмен салыстырғанда 475,2% артық. Ең алдымен бұған жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға жаңа жабдық орнату және Алматы мен Қостанайда жаңа зауыттар салу әсер еткен. Оған қоса оңтүстік астанадағы индустриялық аймақта автомобиль компоненттерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар қызмет ете бастады, Саранда (Қарағанды облысы) шина зауыты ашылды.
Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті: «Автоөнеркәсіпке жақсы инвестиция түсіп жатыр. Оның көбі отандық инвестиция, компаниялардың өз ақшасы мен қарызға алған қаражаты, сонымен қатар Қазақстанда өндіріс орнын ашып жатқан шетелдік өндірушілердің инвестициясы. Қарқынды дамып жатқан жаңа бағыт – компоненттер өндірісі. Майда торапты әдіспен жасалатын автомобиль неғұрлым көп болса, сала компонент шығарушылар үшін соғұрлым тартымды болады. Автоөнеркәсіптің мақсаты – сол көлеміді ұлғайтып, шағын және орта бизнесті тарту. Ірі компаниялардың төңірегіне конвейерге ғана емес, екінші нарыққа да компонент ұсына алатын шағын және орта кәсіп өкілдерін шоғырландыру қажет. 2025 жылы аса ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады деп күтіп отырмыз».
Бұл еңбек нарығына оң әсер етіп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Елдегі сегіз автомобиль кәсіпорнында қызметкер саны 6,5 мыңға дейін өсті. Мультипликативтік нәтижені есепке алсақ, ол аралас, дилерлік орталықтағы жұмысшылардың саны 50 мыңнан асады.
Былтыр да әдеттегідей, жеңіл автомобиль өндірісінің үлесі басым болды. Көрсеткіштер алдыңғы жылмен шамалас – 133 978 бірл. (-0,1%). Сонымен қатар 7 705 бірл. жүк көлігі (-22,2%), 2 942 бірл. автобус (-6,1%), 2 141 тіркеме мен жартылай тіркеме және 665 басқа арнайы техника конвейерден түсті.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше Қостанайдағы Allur («СарыарқаАвтоПром») 2024 жылы 90 515 бірл. (жеңіл және жүк көліктерін қосқанда) техника құрастырған, ал алдыңғы жылғы нәтижесі – 90 230 бірл. (+0,3%). Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan 45 410 жеңіл автомобиль шығарды (-7,1%). СемАЗ-да (Семей) 4 271 бірл. коммерциялық техника конвейерге тұрды (+12,8%). Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында орналасқан QazTehna 1 576 бірл. коммерциялық техника жөнелтті (-12,5%). Көкшетаудағы «КАМАЗ Инжинирингте» 1 524 бірл. жүк көлігі (+15,5%), Алматыдағы Hyundai Trans Almaty зауытында 796 бірл. коммерциялық техника жасалса (-18,9%), Daewoo Bus Kazakhstan (Семей) 537 бірл. техника (-11,8%), «Уральскагрореммаш» 105 бірл. арнайы техника өндірген (-14,6%), басқа кәсіпорындардың көрсеткіші – 2 697 бірл.
Қаңтар мен желтоқсан аралығында көптеп шыққан бес бренд тізіміне (экспортты қосқанда) Hyundai (45 364 бірл.), Chevrolet (39 349 бірл.), Kia (24 111 бірл.), Jac (13 682 бірл.) және Jetour (11 305 бірл.) енді. Ал модельдер арасында Chevrolet Cobalt (33 843 бірл.), Hyundai Tucson (21 881 бірл.), Kia Sportage (9 192 бірл.), Hyundai Elantra (8 022 бірл.) және Jetour X70 (5 259 бірл). басым.