Другие новости
Отандық автокөлік өндірісі: сын-қатерлер, шешімдер және өсу нүктелері

Automechanika Astana 2025 халықаралық көрмесі аясында "Қазақстанның автокөлік одағы" маңызды іскерлік бағдарламаны ұйымдастырып, саладағы жетекші сарапшыларды, мемлекеттік органдар мен іскерлік қауымдастық өкілдерін бір алаңға жинады. Талқылау барысында автокөлік өнеркәсібін дамытудағы негізгі бағыттары — локализация деңгейін арттырудан бастап, импортты реттеу мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне дейін қамтылды.
Сессия барысында жиі қойылған өзекті сауалдардың бірі — ел ішіндегі құндылық мәселесі болды. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша бүгінде министрлік локализация деңгейін нақты бақылауға және бұрынғы сертификаттау жүйесіне қатысты түсініксіздіктерді жоюға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық құрал әзірлеу үстінде:
«Біз индустриялық сертификат пен СТ-KZ сертификатын бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруді ұсындық. Бұл шешім технологиялық операциялар деңгейін, локализацияны нақты анықтауға және өндірушілерді құрастырушылардан ажыратуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде құралды ресми іске қосқанға дейін біз оң нәтиже көріп отырмыз: кәсіпорындар кооперацияға бет бұрып, қазақстандық материалдарды қолдана бастады. Бұл — біз ұмтылып отырған синергия әсері», — деп атап өтті ол.
«Қазақстанның автокөлік одағының» аналитика бөлімінің басшысы Ілияс Әлжанов автонарықтың серпіні мен негізгі нарықтық трендтер туралы айтып берді. Ол жаңа автомобильдер сату көлемінің тұрақты өсуі ұзақмерзімді трендке айналғанын, ал отандық көліктердің сату құрылымындағы үлесі соңғы бірнеше жыл бойы жоғары деңгейде сақталып келе жатқанын ерекше атап өтті.
«Елде сатылатын автокөліктердің үштен екісінен астамы — отандық өндірістен шыққан. Бұл — біздің автокөлік өнеркәсібіміздің жетілгенін, тұтынушы сенімінің жоғары екенін және баға жағынан бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. 2025 жылдың алғашқы екі айындағы мәліметтерге сәйкес, отандық көліктердің үлесі 65% деңгейінде сақталуда, яғни нарық құрылымы тұрақты. Қазақстан тек көлік тұтынушы ел ғана емес — біз “өзіміз өндіреміз және өзіміз тұтынамыз” моделіне біртіндеп көшіп келеміз, экспорттық әлеуетіміз де артып келеді», — деді ол.
Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері де көтерілді, әсіресе елімізге қолданыстағы заңнаманы бұза отырып әкелінген көліктерге қатысты жағдай сөз болды. 2023–2024 жылдары Қазақстан азаматтары мұндай көліктерді сатып алып, кейіннен әрі көліктен, әрі жұмсалған қаражаттан айырылып қалған жағдайлар тіркелді. Бұл мәселелердің туындауына себеп болған — тиісті реттеудің болмауы. Қазақстанның Өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламановтың айтуынша, кейбір жағдайлар мәмілелердің ашықтығы мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі тұрғысынан күрделі сұрақтар туындатады:
«Өткен жылы ондаған және жүздеген көлік құралдары жеке пайдалануға арналған көліктер ретінде әкелінген жағдайлар тіркелді.Мысалы, бір адам 793 көлік әкелген. Мұндай көліктердің көпшілігі толыққанды сынақтан өтпеген, бұл олардың қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Біз елге әкелінетін көліктердің қауіпсіздігіне және заңнама талаптарының орындалуына, атап айтқанда, жеке тұлғаның жылына бір ғана көлік әкелу нормасын сақтауына бақылауды күшейтуді сұраймыз», — деді ол.
Барлық спикерлер тұтынушылардың құқықтарын сенімді қорғау үшін автокөліктерді әкелуге бақылау мен реттеуді күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Талқылау соңында сарапшылар отандық автокөлік өнеркәсібінің әлеуетіне сенім білдірді. Қолданыстағы сын-қатерлерге қарамастан, сала алдында жаңа мүмкіндіктер ашылып жатқаны айтылды: Қазақстан үшін көлік құрастыру ғана емес, жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграцияланған, жұмыс орындарын құратын, экспортты ынталандыратын және ЖІӨ-нің өсуіне үлес қосатын тұрақты өндірістік экожүйе құру маңызды.