Другие новости
Инвесторлар қазақстанда автокомпонент өндіруге 410 млрд теңгеден аса қаражат бөледі
Қазақстанда автокомпонент өндіру тақырыбы отандық және шетелдік автоөндірушілер мен автокомпонент өндірушілердің, құзырлы министрліктер, шағын және орта бизнес өкілдері мен инвесторлардың күш біріктіруіне себеп болды.
Жуырда Астанада өткен “Қазақстанда автокомпонент базасын дамытудың болашағы” халықаралық конференциясында 90-ға жуық қатысушы саланы дамытуға байланысты стратегияларын таныстырып, серіктес болу жолдарын қарастырды және бірге қызмет етуге келісті. Мемлекет те бұл істі қолдады.
Конференцияда сөз сөйлеген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің вице-министрі Жәннат Дүбірова “Біз, өндіріс саласындағы құзырлы орган, сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға, саланы дамыту үшін бірге шешім іздеуге дайынбыз”, – деді.
Еске салайық, 2024 жылдың 07 ақпанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырысында отандық автомобиль өндірісін біртіндеп автомобиль өндірудің анағұрлым күрделі деңгейіне жеткізіп, экспортқа шығу қажет екенін, бұл елдегі кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеті жоғары екенінің көрсеткіші болатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаевтың сөзінше өнеркәсіптік құрастыру туралы жаңа шарттарға сәйкес Қазақстанда автомобиль шығаратын кәсіпорындар 2024 жылы көлік құралын майда торапты әдіспен (CKD) құрастыру көлемін 20%-дан 2027 жылы 50%-ға дейін арттыруы керек.
“Локализацияны нығайтып, автокөлік құралдарын майда торапты әдіспен өндіруді дамыту үшін автокомпонент базасын жақсарту керек. Қазір Қазақстанда газ шығару жүйелерін, бампер, сэндвич панель, полиуретан кілемше, пластик бөлшектер, мультимедиа, орындық, диск, шина, цилиндр блогының бастиектері, механикалық редуктор, аккумулятор өндірісіне қатысты жобалар жүзеге асып жатыр”, – деді Шыңғыс Сүйінбаев.
Қазір жергілікті және шетелдік инвесторлар Қазақстанда автокомпонент базасын құру үшін жалпы 410 млрд теңге аударып жатыр. Елде бөлшек шығарудағы маңызды мақсат – өнімді жергілікті халық үшін анағұрлым қолжетімді ету. Тұтынушы мен шикізат көздеріне жақын орналасу өндірушінің логистикаға кететін шығынын азайтады, ал бұл белгілі бір дәрежеде дайын өнімнің бағасына әсер етеді. Оның үстіне локализация жеткізумен байланысты мәселе туғанда бөлшек тапшылығы қаупін азайтады. Әлемді пандемия жайлағанда өндірушілер дәл сондай қиындыққа тап болған еді.
“Қазақстан өнеркәсіптің дамуына негіз болатын табиғи ресурстарға бай. Одан бөлек мемлекет жеткізу жолдарын өзгерту процесінің қақ ортасында тұр. Біз бұл өзгерістер мен мүмкіндіктердің автомобиль индустриясын дамытуға ықпалын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға дайын компаниялар үшін жақсы тайминг”, – деп атап өтті Сауда және инвестиция бойынша көмек беретін KOTRA Almaty агенттігі өкілдігінің директоры Ким Джунг-Хун.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) президенті Анар Мақашева Қазақстан автоөнеркәсібі өндіріс қарқынын кәдімгідей арттырғанын және отандық өнім халық, ұйымдар, бизнес арасында жоғары сұранысқа ие екенін айтты. Мысалы, 2023 жылы жеңіл және коммерциялық техника өндірісі 30% өссе, көлік саудасы 60%-дан аса өсім көрсетті. Жыл қорытындысы бойынша нарықтағы отандық автомобиль үлесі 70,7% құрады.
Бастапқы даму кезеңінде автоөнеркәсіп технологияны меңгеріп, өндіріс көлемін арттыруды көздесе, жаңа стратегия бойынша автомобиль локализациясының қарқынын күшейтіп, зауыттарға қажет компоненттер базасын құруды мақсат етіп отыр. Елде автокомпонент шығару отандық кәсіпорындардың өндірістің күрделі деңгейіне өтуіне үлкен ықпал етеді. Алдағы бір-екі жылда жаңа салалық жобаларды іске асыру аясында қосымша 7,3 мың жұмыс орнын ашу жоспарда бар, демек инженер мамандардың қатары біршама толығады. Қазір біз жоғары шекті кластер құру үшін күш, ресурс біріктіріп жатырмыз, бұл бізді басты мақсатымыз – Қазақстанды индустриялауға жақындатады”, – деп түйіндеді Анар Мақашева.
Қатысушылар экспорт, стандартизация, техникалық реттеу, аккредитация, сәйкестікті бағалау үшін де жағдай жасау керек екенін талқылап, Қазақстанның потенциалы мен инвестициялық климатына жоғары баға берді. Шағын және орта бизнес өкілдері B2B сессиясына қатысып, автомобиль индустриясын дамытудың жаңа жолдарын білді.
Конференция шеңберінде бірқатар компания мен ұйымдар серіктестік туралы меморандумға қол қойды.