Басқа жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАНДА ЭЛЕКТРОКӨЛІКТЕР МЕН ГИБРИДТЕР НАРЫҒЫ ӨСУІН ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖАТЫР

· ҚР-да NEV сегментіндегі автомобильдердің саудасы төрт айда бес есеге жуық өсті
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша ресми дилерлер NEV (New Energy Vehicles) сегментіндегі 2 122 жеңіл автокөлік сатты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен бес есе жоғары көрсеткіш. Сатылымдардың негізгі көлемі қосылатын гибридтерге (PHEV) және жүріс қашықтығы ұлғайтылған электрокөліктерге (EREV) тиесілі болды - 1 499 бірл. Ал толық электрлі батареялы көліктердің сатылымы 623 бірл. құрады.
Қазақстанда жаңа энергия көздеріне негізделген автокөліктер нарығы белсенді дамуын жалғастыруда. Егер 2024 жылы электрокөліктер әлі де тар ауқымды сегмент болып саналса, бүгінде NEV санатындағы көліктер жаңа автокөліктер нарығының толыққанды бөлігіне айналып келеді. Танымалдықтың артуына модельдік қатардың кеңеюі, жаңа брендтердің ресми түрде нарыққа шығуы және тұтынушылардың таңдауының біртіндеп өзгеруі ықпал етуде.
Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті: «Технологиялар өте жылдам қарқынмен дамып келеді, бұл жаңа энергия көздеріне негізделген автокөліктерге де қатысты. Егер бірнеше жыл бұрын Қазақстанда сегменттің басым бөлігін тек батареялы электрокөліктер құраса, бүгінде сатып алушылар қосылатын гибридтер мен жүріс қашықтығы ұлғайтылған электрокөліктерді жиі таңдай бастады. Көптеген қазақстандықтар үшін мұндай модельдер үнемділік, жүріс қашықтығы және еліміздің үлкен арақашықтықтары мен климаттық ерекшеліктері жағдайындағы пайдалану ыңғайлылығы арасындағы оңтайлы шешім болып отыр».
Төрт айдың қорытындысы бойынша ең жоғары сұранысқа ие болған бренд – BYD. Дилерлер аталған брендтің 1 181 автокөлігін сатты (+432%). Екінші орында - 384 автокөлік көрсеткішімен Li Auto. Үшінші орынға 367 гибрид және электрокөлік сатылымымен Geely Galaxy жайғасты. Ал алғашқы бестікке Zeekr (89 бірл.) және ROX (46 бірл.) те енді.
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстандағы NEV сегментіндегі ең танымал модель гибридті BYD Song Plus DM-i болды – 413 сатылған автокөлік. Екінші орында 345 автокөлікпен Geely Galaxy EX5 EM-I, үшінші орында 284 бірлікпен BYD Chazor орналасқан. Сонымен қатар ең танымал модельдердің алғашқы бестігіне Li Auto L6 (231 бірл.) және толық электрлі BYD Yuan Up (213 бірл.) кірді.
Классикалық гибридті күштік қондырғылар (HEV) арасында көшбасшы болып Toyota Camry қалды – төрт ай ішінде дилерлер 274 автокөлік сатты. Одан кейін Lexus RX (19 бірл.) және Toyota RAV4 (17 бірл.) орналасқан.
NEV (New Energy Vehicles) – дәстүрлі бензин немесе дизель отынының орнына баламалы энергия көздерін пайдаланатын автокөліктер. Оларға электрокөліктер, электр желісіне қосылатын гибридтер, сондай-ақ іштен жану қозғалтқышы тек аккумуляторды қуаттайтын генератор қызметін атқаратын жүріс қашықтығы ұлғайтылған электрокөліктер жатады.