Басқа жаңалықтар
ҚР АВТОӨНЕРКӘСІБІ: 2026 ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫЖЫЛДЫҒЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

• Автоөндірушілердің дерегінше автокөлік өндірісі 34,4% өсті.
ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2026 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстандағы кәсіпорындар 96 089 бірл. автокөлік мен басқа да техника шығарды, бұл былтырғы ұқсас кезеңдегі (71 475 бірл.) нәтижеден 34,4% көп. Өндірілген өнімнің жалпы құны 2025 жылғы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда 15,7% артып, 1,15 трлн теңгені құрады. Машинажасау құрылымындағы автокөлікжасау үлесі – 41,4%.
Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті: «2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы отандық автокөлікжасау саласының тұрақты дамып жатқанын растайды. Сала жаңа өндіріс алаңдарын іске қосу, модельдік қатарды кеңейту және локализация көлемін ұлғайтудың арқасында сенімді дамып келеді. Қазір қазақстандық автозауыттар ішкі нарықта да, экспорт әлеуеті жағынан да өз орындарын нығайтып жатыр».
Биылғы алты айда Қазақстандағы кәсіпорындар 88 886 жеңіл автокөлік (+37,2%); 3 422 жүк көлігі (-1,2%); 1 466 автобус (+27,6%); 557 бірлік арнайы техника (+45,1%); 1 758 тіркеме және жартылай тіркеме (+4,5%) өндірді.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше Қостанайдағы автоөндіруші Allur («СарыаркаАвтоПром») 34 560 автокөлік шығарған, бұл жалпы өндіріс көлемінің 36,6%-ына тең. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan 25 678 автокөлік нәтижесімен екінші орын алды (жалпы өндіріс көлемінің 27,2%-ы). Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны 19 530 автокөлік (20,7%), ал Kia Qazaqstan 9 772 автокөлік (10,3%) шығарды.
Коммерциялық және мамандандырылған көлік өндірушілер арасында QazTehna компаниясы өндіріс көлемін 1 584 бірлікке дейін ұлғайтса, СемАЗ 1 513 автокөлік, КАМАЗ-Инжиниринг – 672 бірлік, Hyundai Trans Almaty 645 бірл. техника жасады. Сонымен қатар Daewoo Bus Kazakhstan (302 бірл.), Orbis Machinery (153 бірл.) және «Уральскагрореммаш» АҚ (116 бірл.) техника өндірді.
2026 жылғы қаңтар-маусым қорытындысы бойынша автокөлік брендтері қатарында әлі де Hyundai көш бастап тұр – 19 500 автокөлік. Екінші орынға Chevrolet жайғасты. Allur оның 17 941 автокөлігін құрастырған. Үштікті 11 705 автокөлік көрсеткішімен Kia түйіндеді. Брендтердің алғашқы ондығына тағы Changan (9 724 бірл.), Chery (8 032 бірл.), Haval (6 755 бірл.), Jetour (4 460 бірл.), JAC (3 739 бірл.), Geely Galaxy (2 148 бірл.) және Geely (1 346 бірл.) кірді.