Басқа жаңалықтар
ҚР АВТОӨНЕРКӘСІБІ: БІРІНШІ ТОҚСАН ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ӨСІМ 36,8%
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда автокөліктер, тіркемелер мен жартылай тіркемелерді қоса алғанда, 45 260 бірлік техника өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,8%-ға артық. 2026 жылдың наурыз айында 17 462 бірлік техника өндіріліп, бұл 2025 жылдың наурызымен салыстырғанда 42,8%-ға және ағымдағы жылдың ақпан айымен салыстырғанда 19,9%-ға жоғары болды.
Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті: «Алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша қазақстандық автоөнеркәсіп тұрақты өсім көрсетіп отыр. Наурыз айындағы жоғары динамиканың сақталуы саладағы оң үрдістерді растайды. Автокомпоненттер сегментінде де айтарлықтай өсім тіркелді. Үш ай ішінде автомобиль бөлшектері мен керек-жарақтарының өндіріс көлемі 259,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есеге артты. Өндірушілер бұл сегментте қарқынды арттыра түседі».
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 563,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 27,5%-ға өсті. Машина жасау саласындағы автокөлік өндірісінің үлесі бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 43,1%-ға жетті, өткен жылы - 39,7% болған.
2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан кәсіпорындары 42 115 жеңіл автокөлік өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,9%-ға көп. Сонымен қатар, жүк көліктерінің өндірісі 1 380 бірлікке (+16,7%), автобустар өндірісі 750 бірлікке (+73,2%), тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі 904 бірлікке (+21%) жетті. Арнайы және мамандандырылған техниканың өндірісі 111 бірлікке дейін төмендеді.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Қостанайдағы Allur зауыты 14 234 автокөлік өндірді. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) есепті кезеңде 12 778 бірлік техника шығарды. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan 10 755 бірлік нәтижемен алғашқы үштікті түйіндейді. Қостанайдағы жаңа Kia Qazaqstan зауыты - 4 640 автокөлік. QazTehna (Сарань, Қарағанды облысы) - 806 бірл. техника. Семейдегі СемАЗ - 627 жүк көлігі. Алматыдағы Hyundai Trans Almaty - 196 бірл. коммерциялық техника. Daewoo Bus Kazakhstan (Семей) - 148 бірл. Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг - 135 бірл. коммерциялық техника.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда өндірілген ең танымал он бренд: Hyundai (10 725 бірл.), Chevrolet (8 341 бірл.), Kia (5 084 бірл.), Changan (4 102 бірл.), Haval (4 099 бірл.), Chery (3 744 бірл.), Jetour (2 250 бірл.), Geely Galaxy (1 388 бірл.), Jac (979 бірл.) және Tank (833 бірл.).